Оқыту қазақ тілді емес мектептердің 1-11 сыныптарына арналған "Қазақ тілі" пәнінің деңгейлік оқулықтары мен әдістемелік кешендерін апробациядан өткізу барысы туралы өңірлік семинарға баяндама
БАЯНДАМА
Автор: Балымбетова Алмагуль Кадыровна, учитель казахского языка и литературы, школа-лицей №14, город Аральск, Кызылординская область
Смотреть презентациюВ раздел основное общее образование
Оқыту қазақ тілді емес мектептердің 1-11 сыныптарына арналған «Қазақ тілі»
пәнінің деңгейлік оқулықтары мен әдістемелік кешендерін апробациядан
өткізу барысы туралы өңірлік семинарға
БАЯНДАМА
Баяндамашы: Балымбетова Алмагүл Кадырқызы Қызылорда облысы, Арал қаласы №14 мектеп-лицейінің қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі
Кемшіліксіз оқулық кешенді білімге бастайды
XXI ғасыр – қарыштап дамыған білім ғасыры. Бүгінгі жастардың өмірден үйренері көп-ақ. Сондықтан, олар мұғалімге, оның өткізген әрбір сабағына сыни көзбен қарайды. Оларды таңдандыру, қызықтыру үшін әрбір сабақ жаңалық болу керек. Осы орайда, оқытушының беделді құралы оқушыларға арналған оқулық болуға тиіс. Оқытуы қазақ тілді емес мектептерде қазақ тілін оқытудың әдістемелік негіздері ғылым болып бірден қалыптасқан жоқ. Оның да өзінің тарихи даму жолдары бар. Қазақ халқының тарихында баланы ана тілінде оқыту және оқыту әдісіне көңіл бөлу ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннен басталғаны белгілі. Бүгінгі деңгейге жету жолында басқа да бірқатар ғалымдар бұған елеулі үлес қосты. Қазіргі таңда бізге ұсынылып отырған оқулықтардың авторлары осы сөзіміздің дәлелі болмақ. 1987 жылы Республикада қазақ тілін оқытуды жақсарту туралы үкімет қаулысы қабылданды. Ал, 1990 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесін алғаннан кейін қазақ тілін оқытуға көзқарас өзгере бастады. Шәкірттерді білім нәрімен сусындатудағы менің 30 жылдық өтілім де осы тарихи кезеңмен тұспа-тұс келді. Биылғы оқу жылында мектебімізге Алматы қаласындағы «Көкжиек- Горизонт» баспасынан жарық көрген 1-11 сыныптарға арналған қазақ тілі пәнінен апробациялық жұмыс жүргізу жүктелген болатын. Мектебімізде жалпы бала саны – 815, оның ішінде өзге ұлт өкілі – 4 оқушы. Апробацияға қатысып отырған 1-11 сыныптардағы оқушы саны - 251. Бұл жауапты жұмысқа мектебіміздегі 11 қазақ тілі пәні мұғалімі ат салысып жатыр. 10-11 сыныптарға арналған апробациялық оқулыққа ерекше тоқталатын болсақ, ғалымдардың тиянақты зерттеулерінің нәтижесі екендігін білуге болады. Оқулық «Алдаспан» атауын иемденген.
Оқулықтың сыртқы, ішкі көрнекілік суреттері жоғары талғаммен тақырыпқа сай безендірілген. Оқулықтың сырт пішіні бұрынғы оқулыққа ұқсамайтындығы, атап айтсақ, ерекше мұқабасы оқулықтың салмағын азайтады, оқулық форматы ыңғайлы, кітап беттері өте сапалы қағаздардан жасалған. Көлемінің үлкендігі, кітаптың I-II бөлімге бөлініп берілуі, бұл оқулықтың ерекшелігі, заманауи талапқа сай келетіндігін аңғарамыз. Оқулық ішіндегі суреттер жеке сабақтың нақты тақырыптың қандай да бір тапсырмасына бағыныңқы, олар баланың қабылдауына жеңіл әрі көрнекі түрде берілген, зейінді дамытуға, баланың талдау жасау қабілетінің оянуына, зерек болуға, қиялы мен елесін оятуға ықпал етеді. Бұл, әсіресе, тіл дамыту жұмысында өте қажет. Оқулықта ойын элементтеріне маңызды орын берілген. Кейбір материалдар, суреттер мұғалімге тақырыптық-көріністік немесе рөлдік ойындар ұйымдастыруға бағдар көрсетеді. Оқу үрдісіне ойын элементтерін енгізу күрделі сабақтарда балаларға қызықты, тартымды етуге мүмкіндік береді. Оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады десек, баланы оқыта отырып, ой еркіндігін, іздемпаздығын дамытып, өз бетінше шешім қабылдауға дағдылануды оқулық арқылы үйретуге болады. Материалдардың тарауларға, тақырыптарға жіктеліп берілуі және олардың арасындығы байланыс типтік оқу бағдарламасына сай жасалған. Ережелер мен тапсырмалар оқушыларға түсінікті. Бағдарлама аясында меңгеруге міндетті білім мазмұны белгіленіп көрсетілген, оқытылатын материалдың бірізділігі байқалады. Тақырыптар мен тақырыпшалар байланысқан. Оқылатын материалдар «Мәтіналды жұмыс», «Мәтінмен жұмыс», «Мәтін соңы жұмыс» деген бөлімдерден тұрады. Жаңа оқу-әдістемелік кешені жыл бойы оқыту кезінде география, информатика, Қазақстан тарихы пәндерімен байланысқа негізделген мәтіндер кездеседі. Мұндай байланыстар оқытудың сапасына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Әр сабақтың оқу материалына дамыту, жүйелеу, жалпылау сипатындағы тапсырмалар енгізілген. Көлемі жағынан жеткілікті, мазмұны жағынан алуан түрлі материалдар мұғалімге мемлекеттік бағдарламада қамтылған барлық мәселелерді пысықтауға мүмкіндік береді. Оқулық ойды дамытады, қисынды ойлауға, тұжырым жасауға, өз көзқарасыңды қорғауға үйретеді. Осы сөздерімнің дәлелі ретінде бақылау жұмыстарының нәтижелерін және тоқсандық қорытындылардың бұрынғы оқулықпен және «Көкжиек-Горизонт» баспа оқулығының нәтижелерін салыстырсақ.
Жаңашыл оқулықтың білім сапасы мен үлгірім сапасының жоғары болуы осының дәлелі. Әр жаңашыл дүниенің кемшілік жақтары да кездеседі. Атап айтқанда, 10-11 сыныптар үшін тереңдетіле қалыптасқан толық игерім қазақ тілін деңгейлік меңгерту тілдік қатынас теориясындағы сөйлесім әрекеттерінің 5 түрі бойынша жүргізілген. Бұл қазақ тілін еркін сөйлей алмайтын, ойын еркін жеткізе алмайтын ортаға арналған оқулық деп айтар едім. Ал, Оңтүстік өңіріндегі тілді жетік меңгерген ортаға оқулықтың кейбір тапсырмалары өте жеңіл. Тапсырмаларда «сөздер мен сөз тіркестерін мағынасына қарай сәйкестір», «мәтін мазмұны бойынша диалог құра», «сұраққа жауап бер» деген әрбір тапсырмалар тақырыптар мен тақырыпшаларда жиі кездеседі. Оқулықтағы тақырып атаулары өзгергенмен орындалатын тапсырмалар бір сарын болып қайталана беретін сияқты. Бұл тілді жетік меңгеріп отырған оқушылырды жалықтыратыны сөзсіз. Оқулықта жыл бойы «сөйлесім типтері, монологтық сөз, мадақ сөз, құттықтау хат, диалог, кеңес» деп стилдің түрлерін жан - жақты қамтыған. Неге жоғары деңгейдегі оқулықта грамматиканың барлық түрі қайталанбайды?
А
деңгейіндегі тапсырмалар « сұрақтарға жауап бер, сөздердің нұсқаларын сәйкестендір, мәтінді тыңда, оқы».
В
деңгейіндегі тапсырмалар «мәтіннен етістікті тап, әр сөйлемге сұрақ қой, диалогты толтыр,жағдаятқа қарап ойлап,тап» деп тасырмалар беріледі.
С
деңгейіндегі тапсырмалар «сөйлем құрап жаз, ақпарат бер» деген тапсырмалармен шектелген. С деңгейіндегі оқушыларға бұл тапсырмалар аздық етеді. Оның орнына ҰБТ тест сұрақтарының күрделі формаларымен байланыстырған дұрыс сияқты. Мысалға мәтін желісінде «әңгіме құр, сөйлем ішінде сабақтас құрмалас сөйлемдер кездессін, бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықшаға қатысты сөйлем құра, фонетикалық талдау жаса, морфологиялық талдау жаса, синтаксистік талдау жаса» деген т.б сияқты тапсырмалар көбірек берілсе оқушының сауаттылығы артады деп ойлаймын. Мұндай қателіктер бұрынғы оқулықтарда да жиі кездесетін. Апробациялық жұмыс барысында кездескен түсініксіз жағдаят «әріп» сөзінің ескі атауы «қаріп» екенін бәріміз білеміз. Бірақ 1 сыныпта әріп деп үйретіп 10 сыныпқа келгенде «әріп» сөзін «қаріп» болды деп қалай түсіндіреміз? Бұлда бір түсініксіз жай. 10 сынып оқулығында баспадан кеткен қателіктерге тоқталсақ. Мысалы: 1. 1 беттегі I бөлім, II бөлім жазбаларда рим цифрынан кейін сызықша қойылмауы тиіс.
I бөлім
1. 14 - бетте рождение малыша -
рождения малыша
болып жазылған 2. 20 - беттегі әріп сөзі –
қaріп
болып жазылған. 3. 36 - 37- беттердегі ата-ана -
ана-ана
болып қайталана беріледі. 4. 41- беттегі жұмсалатын -
жұсалатын
болып жазылған. 5. 47- беттегі спорттық-
спортық болып
жазылған. 6. 72-беттегі 3-тапсырмада сөзжұмбақта реттік саны сәйкес келмегендіктен жауабы да сәйкес келмейді. 7. 95 - бетте «Уақыт өлшемдері» атты тақырыпта
1
тапсырма жоқ. 8. 99 - бетте Уақытты дұрыс жоспарлау атты тақырыпта 2- тапсырманың орнына
4 - тапсырма
деп жазылған. 9.
(II бөлім)
12-17 - бет қызмет сөзі
қызымет
болып жазылған. 10.14 - бет экономистердің сөзі экономистрдің болып жазылған. 11 сынып оқулығында кеткен қателіктерге тоқтала кетсек.
1. География , тарих пәніне байланысты берілген мәтіндер тілі ауыр. «Кенді аймақ» тақырыбы 65-бет, «Алғашқы мұнай қайнары» тақырыбындағы мәтіндер 95-бет. 2.Кейбір тақырыпта теориялық қателер бар. «Кенді аймақ» тақырыбы, 2-тапсырма (негізгі түбір дұрыс ажыратылмаған). 3.Оқулықтағы суреттер жас ерекшеліктеріне сай келмейді. (9,13-беттер, ІІ бөлім ) 4. Орысшадан қазақшаға аудару тапсырмалары ауыр. Өз тарапымнан беретін оқулық жөніндегі ұсыныстарым: 1. Басылымнан кеткен қателер мұқият тексерілсе; 2. ҚР Білім және ғылым министірлігінің №115 бұйрығымен бекітілген жалпы стандартта білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің оқу бағдарламаларына сәйкес келмейтін тұстары бар. Атап айтқанда, 10-11 сыныптарда көрсетілген жаратылыстану-математикалық бағытының білім стандартына сәйкес келмейтіндігі байқалады. Гуманитарлық бағытына сәйкестендірілген. Бірақ оқулық мұқабасында ешқандай бағыт туралы анықтама берілмеген. 3. Оқулықтың тағы бір осал жері – Ұлттық бірыңғай тестілеумен байланыс жоқтың қасы. Сондықтан, грамматиканы қайталау және оны тест сұрақтарымен байланыстыру бір жүйеге келтірілсе деген ұсыныс бар. 4. 5-9 сыныптар аралығында «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис» тараулары бірыңғай бірізділікпен оқытылуы керек. 10-11 сыныптарда бұл тараулар қайталануы тиіс. Сол кезде біз сапалы білім деңгейіне оқушыны жеткізе аламыз деп ойлаймын. Оқытушыға ұсынылған әдістемелік кешен «Мұғалім кітабы» – мемлекеттік тілді деңгейлік оқыту мақсатында бағыт-бағдар беретін қазақ тілін деңгейлік меңгерудің тілдік стандартын басшылыққа алып, дайындалған бірден-бір таптырмас құрал. Бұл құралдың мұғалімге сабақты жаңаша өткізуіне мүмкіндік береді. Жаңа әдіс-тәсілдерді үйретеді, дайын жоспар мұғалім уақытын үнемдейді. Қорыта айтқанда, сонау ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов: «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» деген екен. Сондықтан, қазіргі таңдағы педагогика жаңалықтарын, қазіргі қолданып жүрген пән ерекшелігіне қарай қолдана білу – оқыту мақсатына жетудің бірден-бір жолы.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Қазақ тілі Алдаспан 11 сынып
Авторлары: Ф.Ш. Оразбаева, Р.С.Рахметова,Ж.Т.Дәулетбекова,
А.Қ. Рауандина, Б.Қ.Мукеева
Баспа: «Көкжиек-Горизонт» 2015ж
2.
Қазақ тілі Алдаспан 10 сынып
Авторлары: Ф.Ш. Оразбаева, Р.С.Рахметова,Ж.Т.Дәулетбекова,
А.Қ. Рауандина, Ж.Ш.Саметова.
Баспа: «Көкжиек-Горизонт» 2015ж
3.
Қазақ тілі Алдаспан Мұғалім кітабы 10-сынып
Авторлары: Ф.Ш. Оразбаева, А.Қ. Рауандина, А.Н.Юсуп
Баспа: «Көкжиек-Горизонт» 2015ж
В раздел основное общее образование

